Қостанайда өрт шыққан пәтерден анасы мен екі баласы құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда ТЖМ құтқарушылары түтін басқан пәтерден анасы мен оның екі баласын алып шықты, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Қостанайда өрт шыққан пәтерден анасы мен екі баласы құтқарылды
Фото: Видеодан скрин

Оқиға 9-шы шағын аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде болды. Алтыншы қабатта ас үй бөлмесінде плитадағы май жанып, от жиһазға тараған, салдарынан пәтерді толығымен қалың түтін басты.

Ведомство мәліметінше, қорқып қалған әйел балаларымен бірге бөлмеге кіріп, есікті жауып, өз бетінше қайтадан есікті ашып, шыға алмады. Көмекке келген ТЖМ қызметкерлері есікті сындырып құтқару капюшондарын пайдалана отырып, пәтерден үш адамды, оның ішінде екі баланы шығарды.

— Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері құтқарылғандарды далада күтіп алып, оларды дәрігерлерге тексеруге тапсырды. Медициналық көмек қажет болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Алматыда үш қабатты ғимарат шатырындағы өрт 200 шаршы метр аумақты шарпығанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар