Қостанайда президенттік көпсайыстан ҚР ІІМ чемпионаты басталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда Астана күні мерекесіне орайластырылған президенттік көпсайыстан ҚР ІІМ чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан чемпионатына елдің әр облысынан 100-ден астам тәртіп сақшысы келді. Олар спорттың 6 түрінен өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетовтің айтуынша, президенттік көпсайыс әр қызметкердің дене дайындығы мен кәсібилігін анықтайтын спорт түрі.
«Өңірде бұқаралық спортқа баса назар аударылған. Жыл сайын түрлі деңгейде спартакиадалар өткізіліп тұрады. Бұл жолғы жарыс Астана күні мерекесіне сай келді. Дәстүрлі түрде өтетін президенттік көпсайыс чемпионаты тәртіп сақшыларының шыдамдылығын, жеңіске деген жігерін көрсетеді», - деді Бекет Аймағамбетов.
Чемпионаттың бірінші күні полицейлер суға жүзуден сайысқа түсті. Олар 50 және 100 метрге түрлі әдіспен жүзді. Осы күні мылтық ату сайысының алғашқы айналымының жеңімпаздары анықталды.
Биылғы чемпионатты жақсы көрсеткіштермен бастаған Ақтөбе облысы арнайы күзет қызметі басқармасының қызметкері Темірхан Кемалов жарыстың финалдық кезеңіне шығуға үмітті.
«Мен былтыр мылтық атудан 3-орын алдым. Жаман көрсеткіш емес. Бірақ, биыл нәтижемді жақсартып, финалға шығудан үмітім бар. Мылтық ату кез келген тәртіп сақшысының кәсіби дайындығын көрсетеді. Сол себепті, жұмыс уақытында оқ ату залына үнемі барып тұрамын», - деді жарысқа қатысушы.
Айта кетейік, президенттік көпсайыстан ҚР ІІМ чемпионаты алдағы аптада түйінделеді.