Қостанайда сарқынды суды жинайтын тоғанның 80 пайызы толған
АСТАНА. KAZINFORM- Қостанай маңында орналасқан сарқынды су жинақтағышы жобалық сыйымдылығының шамамен 80 пайызына толған.
«Қостанай-Су» кәсіпорнының мәліметінше, қаланың тұрмыстық сарқынды сулары Қостанайдан 14 шақырым жердегі Самир кенті маңында орналасқан жинақтағыш-тоғанға жіберіледі. Нысанның жобалық сыйымдылығы – 115 млн текше метр. Қазіргі уақытта оның шамамен 80 пайызы толған.
Осы деректерге сүйенсек, жинақтағышта шамамен 92 млн текше метр сарқынды су бар. Ал бос қалған көлемі 23 млн текше метрге жуық.
Кәсіпорынның кәріз желілерінің жалпы ұзындығы – 561,1 шақырым. Олардың тозу деңгейі 61,56 пайызға жеткен. Сарқынды суды тасымалдау үшін қалада 33 сорғы станциясы жұмыс істейді. Бас кәріз-сорғы станциясының жобалық қуаты тәулігіне 125,7 мың текше метр болса, нақты көрсеткіші тәулігіне 45–50 мың текше метрді құрайды.
2026 жылы кәсіпорын кәріз желілерін жаңарту жобаларын жүзеге асырумен айналысты. Бюджет қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 15,2 шақырым болатын екі жоба қарастырылған. Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама аясында ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын тағы алты жоба іске асырылып жатыр.
Кәсіпорын экологиялық технологияларға да ерекше назар аударып отыр. Үш жылдық жоба аясында мұнда Chlorella микробалдырларын пайдалана отырып, сарқынды суды биологиялық тазарту әдісі енгізілген. Кәсіпорынның мәліметінше, хлорелла қосылғаннан кейін жүргізілген зертханалық талдау ластаушы заттар мөлшерінің азайып, еріген оттегі деңгейінің артқанын көрсеткен.
Бұған дейін елдегі кәріз желілерінің жартысынан астамы тозғаны туралы жаздық.