Қостанайда тағы да қоқыс полигоны өртенді
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Полигон иесі бұған дейін болған өрт оқиғасы үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қостанай әкімдігі екінші рет қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 7 маусымда өрт шыққанын растады. Қоқыс 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт тез арада ауыздықталды, зардап шеккендер жоқ.
– Мұндай оқиға кейінгі уақытта осымен екінші рет болып отыр. 22 сәуірде сол полигонда 6 гектар аумақта қоқыс өртенді. Одан кейін минералданған жолақ болмағандықтан өрт көрші далаға өтіп, тағы 300 шаршы метр аумақты шарпыған. Қайталанған өрт оқиғасына байланысты Төтенше жағдайлар департаменті мен Экология департаменті «Тазалық-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабының 1-бөлігі және 327-1-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты, - деп хабарлады Қостанай әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазір полигонда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар департаментінен 2 техника мен 8 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ Тазалық-2012» ЖШС-нің 4 қызметкері мен 4 техника және 52859 әскери бөлімінен 4 әскери қызметкер көмекке келді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай облысында 50-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды.