Қостанайда жасалған жүк көліктерінің алғашқы легі экспортқа жіберіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанайдағы машина құрастыру зауытында жиналған жүк көліктерінің алғашқы легі таяуда экспортқа жіберіледі, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

«Отандық кәсіпорынның автоөнімдеріне еліміздегі ірі компаниялардың да ықыласы ауып отыр. Бүгінде өндіріс алаңындағы жұмыстың дені жергілікті мамандардың қолына көшкен. Болашақтағы мақсат - қазақстандық үлесті еселеп арттыру», делінген жазбада.

Қостанайлық автоөндірісшілер алғашында жол талғамайтын жеңіл көліктерді құрап, тәжірибе жетілдірді. Қолы жаттыққан мамандарға ауыр техникаларды құрау қиынға түскен жоқ. Қазір бөлшектер бұрынғыдай жартылай дайын күйінде келмейді. Бәрі осында жиналады. Бұл жерде коммерциялық ауыр техникалардың бірнеше түрі құрастырылады.

«Еуропалық жаңа деңгейге шығып тұрмыз. Жақында испан, итальялық мамандардан дәріс алдық. Бұрын А-5 әдісімен құрастырсақ, қазір А-З деңгейіне көштік. Көліктер өзімізде сырланады», дейді, ауыр техникалар құрастыру учаскесінің шебері Асқар Алшынбаев.

Өнім сатылымға даяр болуы үшін үш мың дана бөлшекті жинау керек. Машиналар ақырғы желіге келгенше барлығы алты бекеттен өтеді. Бір көлікті құрауға 25 маман жеткілікті. Бұл - кәсіпорында жыл басынан бері жасалынған 20-дана ауыр көлік. Күні ертең Ресей нарығына жол тартпақ. Жалпы, зауыт мүмкіндігі сұраныс болса, күніне он дана осындай машина құрастыруға әбден жетеді. Алдағы мақсат - сол межені бағындыру. Коммерциялық жүк көліктерін шығару келер жылдан бастап көбейе бермек. Қостанайдың машина құрастыру зауытының өнімдеріне көрші елден бөлек отандық экспедиторлық компаниялардың да ықыласы ауып отыр. Еліміздегі танымал фирмалардың бірі жүк көлігін жүздеп сатып алуға келісім жасасқан. «Бұл машиналардың сапасы әлемдік стандартқа сай келеді. Сондықтан 100 дана ауыр көлік сатып алуға келісімшарт жасап отырмыз. Бұл - біздің қазақстандық автоөндіріске деген сеніміміздің кепілі», дейді Көлік-экспедиторлық компаниясы бақылаушы кеңесінің төрағасы Сиддик Хан.

Жоспар бойынша 2018 жылы кәсіпорын алаңында 40 мың көлік құрастырылып, автоөнімдегі қазақстандық үлес 50%-ға дейін артатын болады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram