Қостанайда жастардың 143 жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жастардың 143 әлеуметтік жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Zhas Progect жобасының облыс бойынша аймақтық үйлестірушісі Ерлан Төлетаевқа сілтеме жасап.
None
None

Елімізде Zhas Progect жастар корпусын дамыту жобасы басталғалы бір жыл толды. Аталған бастама жұмыссыз және жоғары білімі жоқ жастардың өз ісін бастауына мүмкіндік береді. Қостанайда биыл қолға алынған науқанды шараға қатысушылардың саны көп. Бүгін өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәжілісінде жобаның облыс бойынша аймақтық үйлестірушісі Ерлан Төлетаев журналистерге сұхбат берді.

«Бұл әлеуметтік жобаның авторлары - Бүкіләлемдік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігі. Алғашқы жылы 4 облыста: Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстанда пилотты түрде жүзге асқан еді. Нәтижесінде, елімізде 2 мың адам қамтылып, 589 әлеуметтік жоба өмірге келді. Қостанай облысы қатарға биылдан бастап қосылып отыр. Бұл жоба 2020 жылға дейін жалғасып, бүкіл Қазақстанды қамтиды. Мақсаты - жастарды, әсіресе тұрмысы төмен топ өкілдерін қоғам өміріне араластыру және қоғамға пайдалы істерге үйрететін бағдарлама арқылы оларды белсенді, табысты өмір сүруге талпындыру. Бұған 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады», - деп түсіндірді Ерлан Төлетаев.

Әлеуметтік бастамасын алға жүргізу үшін гранттық конкурсқа қатысып жатқандар да жетерлік. Гранттың шекті сомасы - 1 млн теңге. Оның сыртында, жобаның әр қатысушысы ай сайын 60 000 теңге (ЖОО түлектері) және 40 000 теңге стипендия алып тұрады. Жобасын ілгері бастырудың қыр-сырын үйреніп, арнайы спикерлердің кеңесін алып отырады. Қостанай облысында 429 қатысушы жүзеге асыратын 143 жоба гранттық қаржыландыруға ие болды. Олардан ендігі талап етілетіні - белді бекем буып, өз істерін жүргізу ғана. Олай болмаған жағдайда грант қаржысы кері қайтарып алынады.

«Әр қатысушының ортақ сайтта жеке кабинеттері бар. Сол жерде ай сайын жобаның жүзеге асу барысы жайында фотосымен бірге дәйекті есеп беріп отырулары тиіс. Ментор-жаттықтырушылар да оларды тоқсан сайын аралап тексеріп, қаржы бөлу, есеп толтыру, тәуекелдер мен нәтижелерді бағалау, іс жүргізу сынды қабілеттерге үйретіп, кеңес беріп тұрады», - дейді жоба үйлестірушісі.

Спикерлердің айтуы бойынша, кез келген талап білдірген жасқа жоба қатысушысына айналу мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде Арқалықтан - 4, Лисаковтан - 7, Рудныйдан 13 өтінім келіп түсті.

Соңғы жаңалықтар