Қостанайда жазасын өтеушілер мерзімінен бұрын бостандыққа шығып жатыр
Қылмыстық атқару жүйесіндегі соңғы өзгерістер жазасын өтеушілерге барынша жеңілдік жасап отыр. 2008 жылы еліміз бойынша қамаудағы адамдар саны 57 мың болса, биыл бұл көрсеткіш 35 мыңға азайған. Тек Қостанай облысында 2017 жылдың бір айында 121 адам мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
«Салыстырып қарасақ,осыдан тура тоғыз жыл бұрын ұсақ қылмыс жасаған 1184 адамның ісі сотқа жолданып, қамалған болатын. Ал, бүгінгі таңда темір торға жабылғандар санын 418-ге дейін азайтып отырмыз. Түрмедегі азаматтардың жазасының жеңілдеуіне медиация туралы заң да оң әсер етті. Мысалы 10 жыл бұрын жәбірленуші мен айыпталушының ымыраласуы арқылы небәрі 537 қылмыстық іс тоқтатылса, биыл бұл көрсеткіш 1509-ға жеткен. Алайда, мұндай жеңілдіктер ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмайды», - деді Қостанай облыстық ІІД басшысының орынбасары Нұриддин Дауылбаев.
Учаскелік инспектор Ерік Уәисов өзіне тиесілі аумақта мерзімінен бұрын босаған 10 адам бар екенін айтады. Шартты жазаға тартылғандармен бірге олардың бәрі арнайы есепте тұр. Мұндай азаматтардың әрбір басқан қадамы айрықша бақылауда болады.
«Бізге бұл тұрғыда пробация қызметі көмектеседі. Басты мақсат - шалыс басқандардың түзу жолға түсуіне ықпал ету. Жұмысқа орналасуына, қажет болса кәсіби білім алуына жәрдемдесеміз. Қостанай облысында жыл басында 2388 адам қамауда отырған болса, бүгінге дейін соның 592-сі бостандыққа шыққан», - деді учаскелік инспектор.