Қостанайда жеке инвесторларға қандай артықшылық беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Қостанай өңіріне 183,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жыл басынан бері облысқа 183,7 млрд теңге инвестиция тартылды, мұнда 38,1% өсім байқалады. Тартылған қаражаттың 85,6%-ы – жеке инвестициялар. Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін біз инвесторларды қолдаудың өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастырамыз», - деді Қ. Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің айтуынша, инвестор үшін инфрақұрылымдық алаңдар құрылады. Жабдықтарды импорттауда кедендік баждарды төлеуден босату, заттай гранттар (мүлік немесе жер учаскесі) беру, корпоративтік табыс және жер салығын, мүлік салығын төлеуден босату секілді инвестициялық басымдықтар беріледі.

«Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде инвесторлар жылдық 6%-бен 3 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Ал қажет болған жағдайда объектілерге жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу мүмкіндігі бар. Осы қолдаудың нәтижесінде 1 бюджеттік теңгеге 6 теңге жеке инвестиция келеді», - деп түсіндірді өңір әкімі.

Сонымен бірге, Қостанайда екі көліктік-логистикалық орталық салу жоспарлануда. Ондағы «Құрғақ порт» құны 37 млрд теңгеге жетеді, 350 жұмыс орнын құру көзделген. Және қытайлық Xian aiju (Сианьайзю) компаниясымен бірлескен логистикалық орталықтың құны – 4,5 млрд теңге және 100 жұмыс орны ашылады.


Соңғы жаңалықтар