Қостанайда жемқорлық жағдайына жол берген шенеунік қызметінен қуылды
Шенеуніктің жұмыстан шығарылу себептері туралы арнайы брифингте Қостанай облыстық прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы Асқар Сыздықов хабарлады.
Оның айтуынша, шенеуніктің әрекеттерінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылық анықталды. Бұл бизнес құрылымында сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын заңсыз таңдауда анықталған. «2013 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік комиссияның құрамында болған Ерденов газбен қамтамасыз етілмеген көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру туралы қабылдау актісіне қол қойды. Сегіз айдың ішінде үй газға қосылмаған. Бұл іс үй тұрғындарының шағымын алған прокуратураның араласуынан кейін ғана түзетілді», - деп хабарлады прокурор А.Сыздықов. А.Сыздықов егер қабылдау актісіне қол қойылмаған жағдайда мердігер («Евростиль-і» ЖШС) тұрақсыздық төлемі ретінде мерзімі асырылған әрбір күн үшін 681 мың теңге көлемінде қаражат төлеуі тиіс екенін түсіндірді. Ерденовке қатысты материалдар прокуратураның ұсынуымен Қостанай облысының Тәртіптік кеңесінің отырысында қарастырылды, ол шенеунікті қызметтен босатуды ұсынған. Актіге заңсыз қол қою туралы істе мемлекеттік комиссияның төрағасы - Қостанай әкімінің орынбасары Валерий Полешконың есімі де бар. Тәртіптік кеңес оған қатысты да жұмыстан шығару туралы ұсыныс білдірді. Алайда шенеуніктің ем алып жатуына байланысты бұл мәселе әзірге шешілген жоқ.