Қостанайда жылыту маусымы қашан аяқталады
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Былтыр Қостанайда жылыту маусымы сәуір айының екінші жартысында тоқтатылды. Биыл мерзімі өзгеруі мүмкін.

Қостанай әкімдігінің мәліметінше, жылыту маусымын тоқтатудың өз тәртібі бар. Ол үшін орташа тәуліктік температура үш күн қатарынан +10 °C-тан төмен болмауы тиіс.
Әкімдік жылу беруді тоқтату туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар нақты метеорологиялық деректер негізінде қабылдайтынын атап өтті. «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы сәуір айы жылы болатынын болжап отыр.
– Сәуірдегі ауаның орташа температурасы +6,0+10,6°С болмақ, бұл нормадан 1-2° жоғары (норма: +4,1+8,7°С). Бір айда жауын-шашын мөлшері облыстың көп бөлігінде нормадан, оңтүстікте нормаға жақын болады деп болжанған (норма: 12-27 мм). Жауын-шашын (жаңбыр, қар) айдың ортасында жаумақ. Жаңбыр, найзағай екінші, көбінесе үшінші онкүндікте болады деген болжам бар, - дейді синоптиктер.
Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде +3+8°С дейін, күндіз +15+20°С, облыстың оңтүстігінде +25°С дейін біртіндеп көтерілмек.
Бұған дейін Алматыда жылыту маусымы қашан аяқталатынын жазған едік.