Қостанайда жоғалған 11 жастағы баланы 200 адам іздеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Киевский кентінде сабақтан кейін жоғалып кеткен 11 жастағы Эдуард Шиллерді іздеу жұмыстарына 200 адам жұмылдырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА alau.kz-ке сілтеме жасап.
Баланың анасы Людмила Шиллердің айтуынша, оның ұлы 23 қараша күні сабақтан оралмаған. Ол әдетте 12:30-да үйіне келетін болған. Жұмыстан шамамен 19:00 кезінде оралатын анасы кеше күндегісінен ерте келген. Үйіне кіре сала, баласының келмегенін көріп, бірден полицияға хабарлаған. Баланың жоғалғандығы жайлы хабарлама әлеуметтік желілерде де таралды.
«Біз іздеу жұмыстарына көмек сұрап, баланы іздеуге бірден кірістік. Киевский кентіндегі әрбір қуысты, аулалар мен алаңдарды аралап шықтық. Оны шамамен 200 адам іздеді. Әбден тоңған ол түнгі 2.30 кезінде үйге келді», - деді Людмила Шиллер. Бала көшедегі орындықта ұйықтап қалған. Түн ортасында өтіп бара жатқан Камаздың дыбысынан оянған.
«Полиция қызметкерлері баланы, оның заттарын тексерді. Күдіктенетіндей ештеңе таппады. Эдуард қалшылдап тоңып, жөтеліп тұр. Ауруханаға қараламыз. Ұлымды іздеуге көмектескендердің барлығына алғысым шексіз», - деді баланың анасы.