Қостанайда жүкті әйел отырған жедел жәрдем көлігі қар құрсауынан құтқарылды

Қардың қалың түсуі және ауа температурасының күрт төмендеуі салдарынан автомобиль жолдарындағы көру мүмкіндігі де қиындайды. Сондықтан, құтқарушылар кез келген уақытта шұғыл жағдайларға дайын тұрады.
«2019 жылғы 5 ақпанда сағат 21:00-де ТЖД кезекшілік бөліміне Арқалық қаласынан 120 шақырымдағы Екідің ауылында жүкті әйелді жедел ауруханаға жеткізу қажеттігі жөнінде хабарлама келіп түсті. Арқалық қаласындағы Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің құтқарушылары өтімділігі жоғары Нива Марш-БРОНТО арнайы техникасымен шақырту орнына шықты. Арқалық қаласынан 110 шақырым жүріп өткеннен кейін Жаңақала ауылының маңында салонында жүкті әйел және медициналық қызметкер бар жедел жәрдем бригадасын кездестірді. Құтқарушылар жүкті әйелді еріп жүрген адамдармен өтімділігі жоғары техникаға отырғызып, Арқалық перзентханасына ойдағыдай жеткізді», - делінген ведомствоның хабарламасында.
ТЖД қызметкерлері өңірде қардың қалың түсуіне байланысты тасжолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы техникаларды сақадай сай еткен.
Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы тұрғындарға қолайсыз ауа райы кезінде өз елді-мекендерінің аумағынан тыс жол жүруді тоқтатуды ұсынады.
Бұған дейін облыстық ТЖД баспасөз қызметі Сарыкөл ауданында екі балықшының адасып кеткенін хабарлаған болатын.