Қостанайда жылу желілерін қаржыландыру 14 есеге артқан

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жылу желілерінің тозуын 49,9%-дан 47,4%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жылумен жабдықтау желілеріндегі апатты жағдайларды болдырмау үшін биыл қаржыландыру 18 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 есеге көп», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қаражаттың негізгі бөлігі Қостанай, Рудный, Арқалық және Лисаков қалаларын жылумен жабдықтауға бағытталған.

«Биыл барлығы 21,4 шақырым жылу желілері қайта жаңартылады, тозу деңгейі 49,9%-дан 47,4%-ға дейін төмендейді деп болжап отырмыз. Жылумен желілерінің тозуын 2029 жылға дейін 40%-ға дейін төмендету мақсатында жыл сайын 20 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарлануда», - деп толықтырды Құмар Ақсақалов.

Сонымен бірге, әкім Арқалық қаласына ерекше тоқталды. Ондағы жылу желілері 87% ескірген.

«Расында да, Арқалық қаласында республика бойынша ең тозығы жеткен жылу жүйелері бар. Премьер-Министр тапсырмасымен біз барлық қалада техникалық аудит жүргіздік. 1 маусымға қарай аудит аяқталып, қай қалада, қай бөліктерінде нақты қанша шақырым тозған жүйе барып көріп отырмыз. Арқалықта 37 шақырым жылу жүйесі болса, биыл соның 7 шақырымы жөнделеді», - деп жауап берді Қ. Ақсақалов агенттік тілшісінің сұрағына.

Осылайша, Арқалықтағы жылу жүйелерінің тозу деңгейі 87%-тен 67%-ке төмендейді.

Ал Президент тапсырмасына сай, бұл көрсеткіш ең кемі 40%-ке дейін түсуі керек. Ол үшін 2025 жылы да бұл жұмыс жалғасады.


Соңғы жаңалықтар