Қостанайдағы сауда орталығында 11 еңбек мигранты құжатсыз жұмыс істеген

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде көші-қон заңнамасының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

11 трудовых мигрантов без документов работали в ТРЦ Костаная
Фото: Қостанай облысы ПД

Полицияның мәліметінше, қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде көші-қон қызметінің қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесіп тексеру жүргізу барысында 11 шетелдік азаматтың коммерциялық нысанда тиісті рұқсат құжаттарынсыз монтаж жұмыстарын атқарып жүргенін анықтаған.

— Барлық еңбек мигранттары одан әрі тексеру жүргізу үшін полиция басқармасына жеткізілді. Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін олар жауапкершілікке тартылады. Жақын уақытта сот олардың ел аумағынан шығару мәселесін қарайды, — делінген хабарламада.

Аталған шетелдік азаматтардың облыс орталығына келгеннен кейін бірнеше күн ішінде анықталғаны атап өтілді.

Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз пайдаланғаны үшін жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаевтың айтуынша, жыл басынан бері Қостанай облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 1,5 мыңнан астам дерегі тіркелген.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, еңбек мигранттарына қосымша салық салу туралы ұсыныс айтты.

Соңғы жаңалықтар