Қостанайдағы саяжайлардың тағдыры не болмақ: Бас жоспардағы өзгерістер белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда көптеген бау-бақша серіктестіктерінің аумағын болашақ тұрғын үй құрылысына арналған резервтік аймаққа айналдыру ұсынылды. Өзгерістер қаланың 2050 жылға дейінгі бас жоспарын түзету аясында қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қостанайдағы саяжайлардың тағдыры не болмақ: Бас жоспардағы өзгерістер белгілі болды
Фото: Саяжай тұрғындарынан

Қазір қалада 22 бау-бақша серіктестігі бар, оның 18-і жұмыс істеп тұр.

Қолданыстағы бас жоспар бойынша, жеті серіктестік аумағы маусымдық тұрғын үй аймағына, сегізі болашақ тұрғын үй құрылысына арналған резервке, ал екеуі демалыс аймағына жатқызылған.

«Юбилейный» өндірістік кооперативінің жағдайы бөлек. Оның аумағы көпқабатты тұрғын үй құрылысы аймағына енгізілген. «Юбилейный-2» шағынауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілген. Қазір жобаны іске асыру басталған.

Бас жоспарды түзету кезінде әзірлеушілер бау-бақша серіктестіктерінің аумақтарын 2050 жылға дейінгі кезеңде тұрғын үй салуға арналған қала құрылысы резервіне ауыстыруды ұсынып отыр.

Бұл өзгерістер «Юбилейный» кооперативіне және демалыс аймақтарында орналасқан екі бау-бақша серіктестігіне қатысты болмайды. Соңғы екеуінің қолданыстағы функционалдық аймақтарға бөліну тәртібін сақтау ұсынылған.

Сонымен қатар бас жоспарды әзірлеушілер функционалдық аймақтардың өзгеруі жер учаскелерін автоматты түрде алып қоюды білдірмейтінін атап өтті.

Жер иелерінің меншік және жер пайдалану құқықтары, сондай-ақ құқық белгілейтін құжаттарда көрсетілген жер учаскелерінің нысаналы мақсаты сақталады. Тұрғындар өз мүлкін бұрынғы мақсаты бойынша пайдалана алады.

Жерді мемлекеттік қажеттілік үшін алып қою — жеке рәсім. Бас жоспар кезең-кезеңімен іске асырылады, ал нақты аумақтарға қатысты шешімдер егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары аясында қабылданады.

Бұған дейін Қостанайда Жоғары аудиторлық палата жерді өз бетінше басып алуға қатысты 170-тен астам деректі анықтаған болатын.