Қостанайдағы ұзаққа созылған мектеп құрылысы: жұмыстың қашан аяқталатыны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайдағы «Құнай» шағынауданында 900 орындық мектептің құрылысы 2021 жылы басталған. Алғашқы мердігер «Гренада» компаниясы болған.
Қостанай облысында мектеп құрылыстарының не себепті ұзаққа созылғаны туралы бұған дейін жазған едік.
2024 жылғы қаңтарда мектептің спорт залы шатырының бір бөлігі опырылып түскен. Осы оқиғадан кейін ғимарат конструкцияларын тексеру, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және жобалық-сметалық құжаттаманы түзету қажет болған.
Құрылыстың ұзаққа созылуы тұрғындардың наразылығын тудырды. Әлеуметтік желіде қала тұрғындары бірнеше жылдан бері уәде етілген мектептің әлі күнге дейін аяқталмағанына көңілі толмайтынын жазды. Осы мәселеге қатысты жиындар мен уәкілетті органдар өкілдерімен кездесулер де өткізілген.
Бұған дейін Құрылыс басқармасы нысанның дайындық деңгейі шамамен 75 пайыз екенін хабарлаған. Құрылысты аяқтау жұмыстары жаңа мердігер — «КазЭлитСтрой 2050» ЖШС-не тапсырылған. Келісімшарт сомасы 247 миллион теңгені құраған, оның 203,9 миллион теңгесі игерілген.
Алайда құрылысты аяқтау үшін ғимарат конструкцияларының жай-күйіне қатысты мәселені шешу қажет.
— Техникалық қорытындыға сәйкес, мектепті пайдалануға беру үшін ғимарат конструкцияларын күшейту жобасы әзірленіп жатыр. Жобалық шешімдер мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғаннан кейін тиісті жұмыстар жүргізіліп, нысанды пайдалануға беру шаралары қабылданады, — деп хабарлады Қостанай облысының Құрылыс басқармасы.
Бұған дейін Қостанай облысындағы мектепте құны 50 млн теңгеден асатын сатып алу заңсыз жүргізілгенін жазған едік.