Қостанайдағы жаңа KIA зауыты жылына 102 млн текше метр газбен қамтамасыз етіледі
АСТАНА. Kazinform – Қостанай облысында салынып жатқан жоғары технологиялық KIA автомобиль зауытын жылына 102 млн текше метрге дейін тауарлық газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қостанай облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

Сапар барысында вице-министр стратегиялық маңызды зауытты тауарлық газбен қамтамасыз етуге арналған инженерлік инфрақұрылым құрылысының барысымен танысты.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, зауытты жобалау кезеңінде кәсіпорын республикалық ұзақмерзімді газ балансына енгізіліп, «QazaqGaz Aimaq» АҚ сағатына 11 700 текше метр газға қосылу үшін техникалық шарттар берген. Газ технологиялық процестерде — тұрақты температура режимін, жоғары энергия тиімділігін және автомобиль компоненттерін сапалы бояуды қамтамасыз ету үшін бояу-кептіру камераларында пайдаланылатын болады.
KIA зауытында дәнекерлеу, бояу және шанақ құрастыруды қоса алғанда, автомобиль өндірісінің толық циклі жоспарланған. Мұнда Kia Sportage, Seltos, Cerato және басқа да танымал модельдер шығарылады. Зауытты осы жылы іске қосу көзделіп отыр.
Айта кетейік, бұл жоба табиғи газдың — Қазақстанның заманауи, экологиялық және бәсекеге қабілетті өнеркәсібін дамытудағы негізгі ресурс екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Бұған дейін Үкімет резервінен Қостанай облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар үшін 1 млрд теңге бөлінді.