Қостанайдағы бас дәрігер өлімі: Айыптаушы Изалдинаны 25 жылға соттауды сұрады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай мамандандырылған ауданаралық сотында Қостанай облыстық психдиспансерінің бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаеваның өліміне қатысты істің жарыссөзі басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Сот отырысы іс фрагменттерімен таныстырған мемлекеттік айыптаушының сөзінен басталды. Жүргізілген мемлекеттік айыптау жұмыстарының қорытындысы бойынша прокурорлар Зәуреш Изалдинаға 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Айыптаушы жақ сондай-ақ, кінәсін жеңілдететін жағдайларды есепке алуды сұрайды. Изалдина мен Гафаровқа қатысты жеңілдету жағдайларына кішкентай балаларының болуы негіз болды.
«Изалдинаға 28-баптың 3-бөлігі бойынша мүлігін тәркілей отырып 15 жылға бас бостандығынан айыру, 28-баптың 3-бөлігі, 24-баптың 1-бөлігі бойынша мүлкін тәркілей отырып 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. 194-баптың 1-тармағы бойынша мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға, 28-баптың 3-б, 24-бөлігі 3, 188-б 4 бойынша мүлкін тәркілей отырып 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ішінара қосу жолымен мүлігін тәркілей отырып толықтай 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілсін. 46-баптың 5-бөлігі 2-тармағына сәйкес жазасын өтеу орны орташа қауіпсіз мекемесіне тағайындалсын», - деді сот үкімімен таныстырған мемлекеттік айыптаушы Тимур Шектібаев.
Айыптаушы тарап Руслан Ғафаровқа мүлігін тәркілей отырып 25 жыл, Болат Қытыбаевқа - 24 жыл, Виктор Кодатенкоға 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр.
Айта кетейік, Изалдина облыстық психиатриялық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаеваның өлімін ұйымдастыруға қатысты айыпталған болатын. Сонымен қатар, Изалдина, Гафаров, Кодатенко, Қытыбаев «Ірі көлемдегі алаяқтық», «Тұрғын үйге заңсыз кіріп, алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде ұрлық жасауды ұйымдастыру», «Алдын ала сөз байласу арқылы тұлғалар тобымен екі және одан да көп адамды өлтіруді ұйымдастыру», «Алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлімін ұйымдастыру» секілді бірнеше ауыр баптар бойынша айыпталған болатын. Ұйымдасқан топты ұрлық жасауға Зәуреш Изалдина итермелеп отырған. Тіпті, ол жақын таныстарының дүние-мүлкін, қомақты қаражатын тонауға нұсқау берген.