Қостанайдағы білім басқармасының бұрынғы шенеунігіне қатысты сот үкімі шықты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласының №2 сотында Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Меңдігүл Әлжановаға қатысты алаяқтық жасады деген айыппен қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Айыпталушы 2020 жылдың желтоқсан айында білім басқармасы бастығының қаржылық мәселелер жөніндегі орынбасары бола тұра, екі мерекені тойлау құрметіне сенімді тоғыз қызметкердің әрқайсысына 2,5 жалақы мөлшерінде сыйақы төлемдерін есептеп, артынша 0,5 жалақыны артық төленген деп қайтаруды ұсынған. Қызметкерлер Әлжановаға жалпы сомасы 719 134 теңге ақша беріп, ол өзіне иемденіп, мемлекетке материалдық шығын келтірген», - деп түсіндірді облыстық сот.
Сот жарыссөздері барысында прокурор сотталушы Әлжановаға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, залал сомасынан 10 есе мөлшерде айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады. Сонымен бірге, жаза тағайындау кезінде сот кінәсін мойындау, жасаған ісіне өкіну және залалды толық өтеуін жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
«Сотталушының бұрын істі болмағаны, жұмыс орнынан оң мінездеме берілгенін, келтірілген залалды өз еркімен толық көлемде өтегенін ескере отырып, сот оған залал сомасынан 10 еселенген мөлшерде, яғни мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 191 340 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындады»,-деп қорытындылады ведомствода.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.