Қостанайдың әлеуметтік қорғау қызметкерлері ресейлік әріптестерінің жұмыс істеу тәжірибесімен танысты
Іс-шара «Облыстық мүгедектерді әлеуметтік сауықтыру орталығы» мемлекеттік мекеме базасында болып өтті. Ол Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумақтарының 2008-2011 жылдарға арналған шекаралық ынтымақтастық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинарға қатысушылар Новосібір мемлекеттік техникалық университетінің Әлеуметтік сауықтыру инситутында, зағип және көру қабілеттері нашар адамдарға арналған облыстық арнайы кітапханада, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмек көрсетудің облыстық орталығында, сонымен қатар, ауыр жағдайда қалған тұлғаларға көмек көрсетуге арналған дағдарыс орталығында болды.
Қостанайлықтар новосібірлік әріптестерімен мүгедектер мен қарт адамдарды әлеуметтік сауықтыру және оларға әлеуметік қолдау көрсету мәселелерін талқылады.
Семинар жұмысына сондай-ақ Қазақстанның Қарағанды және Павлодар облыстарындағы еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, медициналық-әлеуметтік мекемелердің өкілдері, Новосібір облысындағы үкіметтік емес ұйымдар пен РФ Әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қатысты.