Қостанайлық әйел еліміздің барлық өңірін пойызбен жалғыз аралап шықты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Надежда Швец Қазақстанның барлық өңірін 25 күнде аралап шыққан. Ол әр қалада туристік орындарға барып, танысты.
Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Надежда Швец биыл наурыз айында Қазақстанның барлық аймағы мен ірі мегаполистерін аралауды ойға алған. Ал 21-наурыз күні жолға шықты. Ол бір қаладан екінші бір қалаға тек пойызбен барды. Сөйтіп 14-сәуірге дейін ел ішіндегі тарихи-мәдени және туристік орындарды аралады. Барлығына 25 күн қажет болды.

— Астана, Алматы, Шымкент пен барлық өңірді түгел аралап шықтым. Әр қалаға барған кезде алдымен адамдардан «қайда баруға болады» деп кеңес сұрап алдым. Жергілікті тұрғындардың көбі «ештеңе жоқ» деп қысқа қайырады. Бірақ бұл қате түсінік. Содан соң «Қаланың қызықты 20 жерін тап» деп іздеуге жүктеймін. Онда да көп нәрсе ұсына алмайды. Әр өлкенің, әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар. Тағы бір таңқалдырғаны, қайда барсам да адамдар ашық-жарқын, қонақжай. Пойызбен Қазақстанды жалғыз айналып шыққан алғашқы әйел екенмін. Сондықтан Қазақстанның рекордтар кітабына сұраныс жасадым, — деді турист Надежда Швец.


Қостанайлық тұрғын Ақтөбеде алғаш рет 10-11 сәуір күндері болды. Арада 10 күн өткенде қайта келіп, «Қасқыр сарқырамасы» фестиваліне қатысты. Оның айтуынша, әйел тек отбасы мен ошақ қасының емес, өз қызығушылығының да қамын ойлауы тиіс.

— Әйел жалғыз өзі турист ретінде жолға шыққан емес. Біз отбасы, бала-шаға деп жүре береміз. Елімізді аралауға уақыт та, күш те таппаймыз. Өзім ел ішін пойызбен аралаған кезде қандай да кедергі, қиындыққа кезікпедім. Плацкарт орындарды таңдадым, адамдармен сөйлестім. Астана-Қарағанды-Көкшетау-Петропавл-Павлодар-Семей-Өскемен-Талдықорған-Қонаев-Алматы-Тараз-Шымкент-Түркістан-Қызылорда-Жезқазған-Ақтау-Атырау-Ақтөбе-Орал-Қостанай. Бұл менің маршрутым. Бірінші рет осындай қадамға бардым және еш өкінбеймін. Отбасымыздың өз кәсібі бар. Күйеуім балық шаруашылығын дамытып отыр. Өзім үй шаруашылығындағы әйелмін, екі баланың анасымын. Күйеуім менің ойымды, арманымды қолдады. Әрі қалаларды аралағанда бірнеше жаңа бизнес идеяларды да ойға түйіп алдым. Алдағы уақытта іске асыруымыз да мүмкін, — деді ол.

Надежда Швецтің айтуынша, отбасындағы сенім ел ішін алаңсыз аралауға мүмкіндік берді. Оған шетел емес, қазақ жерінің әр қаласы қызықты.

— Қарағандыда Наурыз мейрамын тамашаладым. Көкшетауда тауға шығып, қаланы жоғарыдан тамашаладым. Сол сәттен бастап мен әр қаланы бейнекамераға түсіріп алдым. Ал Петропавлға келгенде адамдар мені тани бастады. Ол өңірде ботаникалық бақ ұнады. Павлодарда мамонттың сүйегін көрдім, Қапшағайда ретроавтоны қарадым. Алматының кереметі өз алдына бөлек қой. Тараз қаласында ескі базар бар. Түркістан да ерекше. Ақтөбе қаласында планетарийге бардым. Мұнда ұлттық тағамдар дайындайтын мейрамханамен таныстым. Ал Vizit орталығында ІТ хаб та орналасқан. Бұл жерде турмаршруттармен танысуға болады, — деді ол.


Надежда Швец алдағы уақытта барлық өңірдің кереметтерін көрсетіп, шағын фильм құрастырмақ. Сонымен бірге өзі қағазға түсірген 80 арманының әрқайсысын орындауды қолға алды. Бірі ел ішін аралау болған. Оны мақсатты түрде іске асырды.
@domokhozyayka_s_mechtami Нежный Тараз #тараз_казакстан🇰🇿🇰🇿🇰🇿🇰🇿 #тараз #20городовказахстанаснадеждой #ждженскиймарафон #қазақстан @Новости Тараз @taraz_news.kz @𝐓𝐀𝐑𝐀𝐙 𝐍𝐄𝐖𝐒 ♬ оригинальный звук - domokhozyayka_s_mechtami
Айта кетейік, елде туристік бағыттарға жол салынып жатыр. «Бейнеу — Сексеуіл» бағыты ерекше маңызға ие, ол болашақта Каспий теңізіне апаратын жолды ашады. «Орталық — Батыс» дәлізі Торғай өңіріндегі туристік аймақтарды елордамен байланыстырып, саяхатшылар үшін жаңа бағыттарды қалыптастырады.