08:52, 18 Наурыз 2014 | GMT +5
Қостанайлық дәрігерлер тірі баланы қорапқа орап, көмуге жіберген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Меңдіқара ауданында жан түршігерлік оқиға орын алды. Бұл туралы Қостанай облысының прокуроры Марат Қайыбжанов денсаулық сақтау туралы заңнаманың орындалуы бойынша өткен алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлады «Алау» порталы.
«6 наурыз күні Меңдіқара орталық аудандық ауруханасында уақытынан ерте туған нәрестенің денесін қорапқа орап, оны баланың анасына көмуге берген», - деді Қостанай облысының прокуроры М.Қайыбжанов. Алайда, бір сағаттан кейін баланың тірі екені анықталады. Оны әкесі байқап қалған. Сәбиді ауруханаға қайта алып келгенмен ол 3 күннен кейін көз жұмды», - деп атап өтті прокурор. Бұған қатысты облыстың денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қандай әрекеттер қолданылғаны туралы оның басшысы Орал Бекмағамбетов былай деді: «Осы жағдайды естіген бойы облыстық денсаулық сақтау басқармасында дереу комиссия құрылды. Олар оқиға орнына барып, мән-жайды анықтады. Сәйкесінше, тиісті жазалау шаралары қолданылып, медицина қызметкерлері жұмыстан босатылды».