Қостанайлық медицина нысандарының кредиторлық берешегі 3,6 млрд теңгеден асқан
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін өтеу үшін қосымша 728 миллион теңге бөлуді сұрап жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кstnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау бюджеті өткен жылмен салыстырғанда биыл айтарлықтай артып, 105,4 млрд теңгені (2022 жылы – 86,3 млрд теңге) құрағанына қарамастан, жеткіліксіз болып шықты. Медицина қызметтеріне тариф мөлшері денсаулық ұйымдарының нақты шығындарын өтемейді. Оның үстіне медицина мамандарының жалақысын барлық санаттар бойынша орта есеппен 24% көтеру туралы Үкімет қаулысы бар. Ал тарифтер жыл сайын шамамен 11% ғана өседі.
Нәтижесінде көптеген медициналық мекемелерде барлық қаржыландыру көлемінің 80-90% еңбекақы төлеу қорына жұмсалады. Коммуналдық қызметтерге, дәрі-дәрмектерді, медициналық жабдықтарды, шығын материалдарын сатып алуға қаражат қалмайды. Сонымен қатар денсаулық сақтау тарифтерінде инфляцияның жоғарылауы ескерілмейді.
«Медицина ұйымдарының жүйелі түрде қаржыландырылмауы кредиторлық берешектің артуына әкеп соқты»,- дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.
Жалпы, өңірде медицина ұйымдарының кредиторлық берешегі ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 3,6 млрд теңгені құрайды.