21:13, 07 Маусым 2018 | GMT +5
Қостанайлық полицейлер қағазбастылықтан арылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық тәртіп сақшылары қылмыстық істерді электронды форматта жүргізе бастады. Бұл туралы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арон Алматов журналистермен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арон Алматов айтқандай, жаңа жоба полицейлерді қағазбастылықтан арылтуға мүмкіндік жасайды.
«Қылмыс процесін цифрландыру айғақтарды жинау жұмысын оңайлатып, іс жүргізу құжаттарын жасауға, шығын мен жүктемені азайтуға көмектеседі. Бұл бағдарлама қылмыстық процестің қылмыстың тіркелуінен бастап, оның тергелуі және үкім орындалғанға дейінгі барлық сатысын қамтиды. Жоба бөгде адамдардың қылмыстық іс материалдарына рұқсатсыз қол жеткізуінен қорғайды. Қазірдің өзінде Қостанай қаласы ІІБ қызметкерлері жаңа жүйемен жұмыс істеп жатыр», - деді А.Алматов.
Бүгінге дейін «Е-қылмыстық іс» жобасымен 147 қылмыс іс қаралған. Айта кетейік, жобаны бірінші болып Астана қаласы мен Жамбыл облысы енгізген болатын.