Қостанайлық полицейлер өртеніп жатқан үйден 7 адамды алып шықты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының полицейлері өртеніп жатқан үйден бірнеше адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Қостанай ауданының Мичурин селосында болған. Аудан полицейлері шақырту түскен жерге бара жатып, Садовая көшесіндегі үйдің өртеніп жатқанын байқап қалған. Тәртіп сақшылары бірден өрт шыққан үйге келген.
«Үйдің шатыры өртенгенін көрдік. Өрт дәлізге таралып, терезе жақтауына дейін шарпыды. Үй ішінен шыға алмай жатқан адамдарға көмектестік. 6 ересек адам мен, 1 сәбиді сыртқа алып шығып, өрт сөндірушілерді шақырдық», - дейді Темірлан Байболов.
Тәртіп сақшылары Саржан Төреханов, Болат Оразов және Руслан Сердюк өрт сөндірушілерге де жәрдем берген . Кейін анықталғандай, өрт дәліздегі пештен шыққан.
Үй иесі Юрий Поповский өрттен аман алып қалған полицейлерге алғыс білдірді.