Қостанайлық полицейлер үй карантиніндегі адамдарды бақылауға алады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының бас санитар дәрігерінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайлық полицейлер үй карантиніндегі адамдарды бақылауға алады

Қостанай облысының бас дәрігері санитар Владимир Нечитайло карантин кезіндегі шаралар және уақытша шектеулер туралы қаулысын толықтырды. Демалыс күндері ірі сауда объектілерінің, сауна, қоғамдық моншалардың жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Сонымен қатар Полиция департаменті тұрғын үй секторын, базарларды, сауда объектілерін, саябақтарды, скверлерді, аулаішілік балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарына тексеру жүргізеді.

«Полицейлер қоғамдық көлікте маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауды қадағалайды. Учаскелік инспекторлар отбасылық, ұжымдық және өзге де бұқаралық іс-шараларды (үйлену тойлары, еске алу және т. б.) анықтап, материалдарды рәсімдейді. Кейін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдарға бере отырып, шешім шығарады. Бұған қоса полицейлерге үй карантиніндегі адамдарды бақылау жүктелді. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шектеулер мен талаптар режимін бұзған адамдарға шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін», делінген қаулыда.