Қостанайлық сарбаздар еліміздің түкпір-түкпіріндегі ата-аналарымен байланысқа шықты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның әрбір өңірінен Ұлттық ұлан қатарына шақырылған сарбаздар онлайн-режимде ата-аналарымен байланысқа шықты. Бұл шара қоғамдық тәртіп әскерінде өтіп жатқан «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан - елі мен халқына қорған!» атты акция аясында өтіп жатыр.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2016 жылғы 29 шілде күні байланысқа алғаш боп әскери қызметке Қостанай облысынан шақырылған сарбаздардың ата-аналары қосылды. 100-ден аса әке мен ана ҚР Ұлттық ұланының Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне келіп, сарбаздардың өмірімен, тұрмыстық жағдайымен танысты.
Шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов, Қостанай гарнизонының әскери прокуроры, облыстың Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, сонымен қатар 2015 жылғы желтоқсан мен 2016 жылғы маусымда Қостанай облысынан шақыртылған жауынгерлердің жақындары қатысты.
Көрсетілген уақыт аралығында облыстан Ұлттық ұланға әскердің қыр-сырын меңгеру үшін барлығы 600-ден аса жас өркен аттанған.
Өткен аптада Ұлттық ұланда бастау алған «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан - елі мен халқына қорған!» атты акция аясында әскери-патриоттық бағыттағы көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Соның бірі, бүгінгі жоба - Ұлттық ұлан басшылығы мен әскери бөлім жетекшілерінің сарбаз ата-аналарымен кездесуі және оларға перзенттерінің әскери борышын қандай жағдайда өткеріп жатқандығын өз көздерімен көруге жасалған мүмкіндік.
Кездесу барысында ата-аналар алдында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіп әскерінің жауынгерлік қызметі мен атқаратын міндеттері жайлы түсіндіріп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, қонақтардың назарына балаларының сәлемдемесі жолданған бейнежазбалар ұсынылып, перзенттері қызмет атқарып жатқан әскери бөлімнен тікелей хабарласуға мүмкіндік туды. Тағы бір айта кетерлігі, шарада Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріндегі Әйелдер кеңесінің контактілері берілді, енді ата-аналар осы нөмірлер арқылы алдағы уақытта ұлдарының қызметі қалай өтіп жатқанын өздерінен біле алады.
Мұнан бөлек, ата-аналарға әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырылды, яғни олар бөлім аумағын, сарбаздардың жатын орнын, асханасын, медициналық лазаретін көріп, қару-жарақ және техникасын тамашалады.
Айта кетейік, бұл шара Қазақстан Қарулы күштері арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Тамыз басында аталмыш эстафетаны әскерге Ақмола облысынан шақырылған сарбаздардың ата-аналары жалғастырмақ. Жылдың соңына дейін осы тектес кездесулерді Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде өткізу жоспарда бар.