Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты іс сотқа жолданды

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысы Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты іс сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.

Костенко шахтасын қайта қалпына келтіруге қанша уақыт кетеді – әкім жауап берді
Фото: Freepik

- Бас прокуратураның арнайы прокурорларының басшылығымен ВЖТТ Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

10 айыпталушыға қатысты іс тау-кен жұмыстарының қауіпсіздік ережелерін бұзу (ҚК 277-бабының 3-бөлігі) бойынша сотқа жолданды, - деп жазды бақылаушы орган өкілі Х желісіндегі парақшасында.

Еске салсақ, 28 қазан сағат 2:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.

Сондай-ақ, «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

9 желтоқсанда шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды.

Соңғы жаңалықтар