Қосымша өндірістер ашып, инфрақұрылымдарды жаңғырту арқылы моноқалалардың бойына қан жүгіртуге болады - А. Досанов

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы қолға алынды. Онда, Елбасының нұсқауы бойынша, моноқалалардағы экономиканы әртараптандыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты мәселелер қамтылып отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнес тасада қалмаған.
None
None

Осыған орай, бағдарлама аясында тындырылып жатқан жобалар жайында «ҚазАқпарат» тілшісі мен ҚР Өңірлік даму министрлігі Өңіраралық ынтымақтастық және экономикалық аудандау департаментінің директоры Ардақ Досанов сұхбаттасқан болатын.

- Ардақ Ермағамбетұлы, Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясындағы жобалардың іске асырылуы қалай жүріп жатыр? Жалпы біздің елде қанша моноқала бар?

- Бұдан бір жыл бұрын Қазақстанда моноқалаларды дамыту жұмысының қолға алынғаны белгілі. Осыған орай арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданған болатын. Алдымен мемлекеттік бағдарламаға енген 27 моноқаланы атап өтейік, олар - Степногорск, Хромтау, Текелі, Құлсары, Ақсай, Қаратау, Жаңатас, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Абай, Арқалық, Жітіқара, Лисаковск, Рудный, Жаңаөзен, Ақсу, Екібастұз, Зыряновск, Курчатов, Риддер, Серебрянск және Кентау. Міне, бағдарлама аясында нақ осы қалаларды дамытудың бірнеше жолы қарастырылған. 2012 жылы оларды орналастыру бойынша бірінші кезектегі іс-шараларға республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінді. Аталмыш қаражат қалалардың инфрақұрылымын, әлеуметтік және стратегиялық нысандарды жаңғыртуға жұмсалады. Оның ішінде көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, тұрғын үй қорларын сақтау және қоқысты шығару, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, иесіз объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын және мал қорымын жайластыру, жылу жүйелерін жөндеу, аулаларда балалар ойын алаңдарын орналастыру, қалаішілік автомобиль жолдарын жөндеу, алаңдарды, саябақтарды, көшелерді абаттандыру, арық жүйелерін жөндеу жұмыстарына қарастырылады. Қазірдің өзінде Жаңатас, Абай және Арқалық қалаларында апаттық тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары басталып та кетті.

Бұл үшін қаржыландыру көздерінің мүмкіндіктерімен сомалардың теңгерімділігі және құны есептелген, инвестициялауға жататын объектілері айқындалған әрбір перспективалы бір салалы қаладағы нақты жағдайлар пысықталмақ. Жалпы алғанда, бұның бәрі сол қалалардағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін көркейтуге бағытталып отыр.

- Моноқаларды дамыту Бағдарламасының екінші бағыты аясында банк несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялау көзделген. Ол қалай іске асып жатыр? Қаншалықты тиімді?

- 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылық қолдау шаралары, сонымен бірге екінші деңгейлі банктер кредиттері сыйақы ставкасын субсидиялау қарастырылған.

Пайыздық ставканы субсидиялау белгіленген номиналды сыйақы ставкасы 14%-дан аспайтын кредиттер бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін, оның 10 %-ын мемлекет өтейді. Бұл ретте, банктер мен лизингтік компаниялар несиеге байланысты қандай да бір комиссияларды, алымдарды және өзге де төлемдерді алмайды.

Бүгінгі күні Бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 1 667 085,0 мың теңгеге 23 жоба бойынша субсидиялау жүзеге асырылуда.

Бағдарламаға ағымдағы жылғы 7 қарашадағы қабылданған өзгертулер бойынша субсидиялау аймағы әлеуеті жоғары моноқалаларды, сонымен қатар барлық моноқалалардың әкімшілік бағынудағы елді-мекендерді қосу есебінен кеңейтілді.

Әрбір бизнес өкілі үшін бұл аса тиімді шарттар болып есептеледі. Шағын және орта бизнес несиелерін субсидиялау арқылы өнімділігін арттырып, шаруаларын дөңгелетіп әкете алады. Осылайша жаңа жұмыс орындары пайда болып, халықтың материалдық деңгейі өсе түседі. Моноқалаларда бизнестің дамуы жөнінде, мысалы, 2020 жылға дейін Моноқалаларда белсенді жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындар санын - 4 есе ұлғайту көзделген.

- Бизнес-инкубациялау шаралары жөнінде айтып берсеңіз? Бизнес осы бағдарламадан не алады?

- Өңірлік даму министрлігінің тапсырысымен Халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (ЮСАИД) Макроэкономикалық жобаның шеңберінде бизнес-инкубаторлардың жаңа моделі әзірленді.

Модельге сәйкес, бизнес-инкубатор өз резиденттеріне қызметтердің кең түрін көрсетіп, консультациялық және қаржылық қолдауға жол ашатын болады, оның ішінде донорлық, техникалық және ірі компаниялардың көмегін тарту арқылы. Кешендік ұсыныс мыналардан тұратын болады: жұмыс орындарын жеңіл түрде ұсыну, оқуға жол ашу, мысалға Кәсіпкерлікті дамыту орталығымен ынтымақтастықта, бухгалтерлік тіркеу бойынша маманданған қызметтер және заңдық қызметтер, коммерциялық келісім-шарттар жасау, ішкі және халықаралық, оның ішінде ірі компаниялармен, қарым-қатынасты орнату бөліміндегі көмек.

Бизнес-инкубаторды құрудың бастапқы кезеңі техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеуді, нарықты, қаржылық талдауды, инкубаторды оқшаулау әдістерін бағалау және бастапқы нұсқасы, инженерлік шығындарды бағалау, бастапқы архитектуралық жоба және тағы басқалардан тұрады.

Нәтижесінде, аталған модель бойынша ілкі жоба ретінде бизнес-инкубаторлар 2012 жылғы желтоқсаннан бастап Жаңаөзен қаласында іске қосылған. Бизнес-инкубаторы үшін жалпы ауданы - 2491,7 шаршы метр бұрынғы шипажайдың ғимараты бөлінген.

Бизнес-инкубаторда кәсіпкерлерге жеңілдетілген түрде жалға бөлмелер беріледі, сонымен қатар, бизнесті жүргізу және дамыту бойынша ақпараттық-кеңестік көмектер көрсетіледі.

Жеке кәсіпкерлерге жалға берілетін бөлмелердің бір шаршы метрінің бағасы 352 теңгені құрайды. Жаңадан ашылған кәсіпкер үшін осының өзі жеңілдік.

Қазіргі уақытта бизнес-инкубаторда 44 кәсіпкер орналастырылған және 140 жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылған.

Бизнес-инкубаторда тігін, қол өнер цехтары, асхана, шаштараз, фитнес-клуб, баспахана және жарнама агенттігі, сонымен бірге «ID-studio» анимациялық және мультипликациялық студиясы, мөрлер жасайтын цех және фотостудия жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, 2014 жылы бизнес-инкубатордың аталған моделін барлық моноқалаларда іске қосу жоспарланып отыр.

Жалпы, Бағдарлама 2013 жылы енді іске асырылып, оның құралдарына түзетулер жүргізілгенін атап өткіміз келеді. 2013 жылдың тәжірибесін ескере отырып, 2014 жылы Бағдарлама шараларын белсенді іске асыру және оның құралдарымен моноқалалардың кәсіпкерлерін қамту жоспарлануда.

- Бағдарлама аясында жұмыспен қамту шаралары қандай болады? Шыны керек, моноқалаларда жұмыссыздықтың деңгейі республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары болып тұр.

- Жұмыспен қамту шаралары Бағдарламаның «Жоғары әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар елді мекендерден және экономикалық өсу орталықтарынан өз еркімен көшіруді ынталандыру арқылы моноқалалардың еңбек ресурстарының ұтқырлығын жоғарылату» атты үшінші бағытында қарастырылған.

Осы бағыт халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуші белсенді шараларды іске асыру жолымен еңбек ресурстарының ұтқырлығын жоғарылату шараларын қарастырады. Бұл: моноқалалар тұрғындарын оқыту және жұмысқа орналасуларға жәрдемдесу, моноқалалар тұрғындарын техникалық және кәсіби білім беру салаларындағы облыс оқу мекемелерінде оқытумен қамтамасыз етуді, жоғары әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті бар елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына ерікті түрде көшіруге ынталандыру.

Аталған шаралар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» арқылы іске асырылады.

- Екі ай бұрын Үкіметте өткен отырыста Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бүгінде барлық 47 жобаның ішінен Степногорск, Хромтау, Жезқазған, Арқалық және Екібастұз қалаларында тек 14 жоба пайдалануға берілсе, 32 жобаның құжаттары әлі күнге дайындалып жатыр деген болатын. Ал Жітіқара және Лисаковск қалаларында қаржыландыру және инвестор іздестіру жұмысы аяқталмай отыр. Сәтбаев, Шахтинск, Рудный және Серебрянск қалаларында да қаржы жетіспеушілігінен төрт жоба тоқтаған. Әкімдер болса, алдымен осы мәселемен айналыспай, апаттық тұрғын үйлермен әлек болып жүргені де жиын барысында сөз болып, Үкімет басшысы Серік Ахметов те осы мәселеге баса назар аударды. Осы бағытта екі айдың ішінде өзгерістер бар ма?

- Екі ай бұрын өткен Үкімет отырысында зәкірлік жобаларды іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынылған болатын. Зәкірлік жобалар дегеніміз - моноқалаларда шикізаттық емес секторды дамытуға және ондағы экономиканы әртараптандыруға арналған ивестициялық жобалар. Әрбір жобада кемінде 100 жаңа жұмыс орындары ашылады және ол экономикалық әлеуеті төмен моноқалалардың өнеркәсіптен түскен кірісін 20 пайызға дейін арттыруға септігін тигізеді. Бізге шикізаттық бағыттан алшақтап, қосымша өндірістерді ашу қажет. Сол үшін қазіргі уақытта 47 осындай жоба қолға алынуда.

Жыл басынан бері барлық 47 жобаның ішінде: Степногорск, Хромтау, Балқаш, Жезқазған, Арқалық, Екібастұз, Кентау қалаларында 10 жоба пайдалануға енгізілген. Құжаттарды және құралдарды жобалау сатысында 31 жоба бар. Оның 12 жобасы Бағдарлама басталғаннан іске асырылады, ал 6 жоба бойынша қаржы мәселелері шешілуде.

- Аталмыш бағдарлама моноқалалардағы тұрғындарға қандай нәтиже береді?

- Бағдарлама шеңберінде инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға қаражат бөлу көзделген. Атап айтқанда, 2013 жылы осы шараларға 48 жобаны іске асыру үшін 6 423,6 млн. теңге қарастырылған. Бұл барлық жылдық қаражаттың 34,3 % құрап, жылдың соңына дейін 100 % көлемінде игерілетін болады.

Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды тексеру шеңберінде Моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асырудың тиімділігіне талдау жүргізілді. Сұрастырудың қорытындылары бойынша, халықтың 67,7%-ы бағдарламаға оң баға берген. Сонымен қатар, сауалнамаға жауап берушілердің 53 %-ы өмір сүру жағдайларының жақсарғанын атап өтті.

Бұдан басқа, бағдарламада көзделген іс-шараларды іске асырудың арқасында моноқалаларда апатты үйлерді бұзу және қайта құру арқылы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге, жергілікті компанияларда жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлікке оқытуға, шағын несиелерді 100 % игеруге, жаңа кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар