Коуч қызметін көрсетуге рұқсаты бар мамандардың тізімі жарияланады
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутатының сауалына берген жауапта коучинг қызметінің кәсіби стандарты бекітілетінін мәлім етті. Стандарт бекітілгеннен кейін коуч ретінде пайда тапқысы келетін қазақстандықтар ICF халықаралық коучинг федерациясынан сертификат алу керек болады.
– ICF халықаралық коучинг федерациясымен (ICF Kazakhstan, Қазақстанда коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелген) бірге «Коучинг қызметі (коуч)» кәсіби стандарты әзірленді. Қазіргі таңда ол Ғылым және жоғары білім министрлігінде бекітілу сатысында, - деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Айтуынша, кәсіптік стандарт 9 бағытты қамтиды: бизнес-коуч, мансаптық коуч, лайф-коуч, командалық коуч, көшбасшылық коуч, денсаулық және сауықтыру коучі, кәсіпкерлерге арналған коуч, білім беру коучі, спорттық дайындық коучі.
– Кәсіптік стандарттың негізінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында (career.enbek.kz) сертификатталған коуч-жаттықтырушылар тізілімі жасақталады. Коучтарды оқытуды, сертификаттауды және тізілімге енгізуді ICF халықаралық коучинг федерациясы жүргізеді, - дейді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ жауапта заңнама коучтардың жауапкершілігін күшейтетін нормалар енгізілетіні де айтылған.
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға түзетулер әзірленді (Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті). Онда коучтардың өзінің кәсіби біліктілігін тану туралы сертификатқа ие болуын, оны тұтынушыға таныстыруды міндеттейтін, сондай-ақ тұтынушыға өзі көрсететін қызметке қатысты жаңылыстыратын ақпаратты, сондай-ақ жалған жарнаманы таратуға тыйым салатын нормалар енгізілді. Егер тұтынушылардың құқықтарын бұзу жаппай сипатта болса немесе үлкен залал келтірілсе, мұндай фактілер Қылмыстық кодексінің 190-бабына (алаяқтық) сәйкес жіктеледі, - делінген жауапта.
Еске салсақ, сенатор Амангелді Есбай Үкіметтен коучтардың қызметін заңмен реттеуді сұраған болатын.