Ковид індеті: қазақстандықтар жаппай маска таға ма

АСТАНА. KAZINFORM – Париж Олимпиадасынан оралған бірқатар қазақстандық спортшыдан ковид індеті анықталып, Мемлекет басшысымен кездесу кейінге шегерілгені белгілі. Осы ретте, қоғамда «індет өршіп жатыр, барлығы жаппай маска тағуы тиіс» деген мәндегі түрлі алып-қашпа әңгімелер айтыла бастады. Бұл мәселеге ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев түсініктеме берді.

COVID
Фото: freepik.com

«Елімізде короновирус инфекциясына байланысты жағдай тұрақты. Медициналық нысандардың қызметкерлері ғана маска тағуға міндеттелген. Емделушілердің маска тағу яки тақпауы өз еркінде», - деді ол.

Айта кетейік, ҚР мемлекеттік бас дәрігерінің м.а. 2024 жылғы 16 тамыздағы №7 «2024-2025 жылғы эпидемиялық маусымда тұмау, өткір респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы (COVID-19) бойынша санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы» қаулыға қол қойды.

Қаулыда ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиялық маусым мерзіміне профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар, соның ішінде:

– 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу;

– Медициналық ұйымдарда: кіреберісті «сүзгі» жұмысымен қамтамасыз ету, бетперде тағу, антисептиктердің болуы;

– ЖРВИ, тұмау байқалған бір жасқа дейінгі сәбилер мен жүкті әйелдердің үйге шақыртуына бірінші кезекте қызмет көрсету қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар