Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне оқ атылғанын білесіз бе

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — қазақ халқының рухани тірегі, Орталық Азиядағы теңдесі жоқ сәулет туындысы. Алайда бұл ұлы мұра ішінде көпшілік біле бермейтін тарихи сыр жасырын.

а
Фото: «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі

Кесене ішіндегі солтүстік-батыс бұрышына зер салсаңыз, бір бағананың басқалардан сәл қисайып тұрғанын байқайсыз.

Бұл — кездейсоқ құрылыс ақауы емес, зеңбірек оғынан зақым көрген тарихи жәдігер.

а
Фото: «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі

— 1864 жылы Ресей империясы Орта Азияға шабуылын күшейтіп, генерал Верёвкин басқарған әскер Түркістан қаласына бет алды. Құрамында мыңнан астам жауынгер, ондаған зеңбірек пен мортирі бар жасақ қаланы қоршап, артиллериялық шабуыл бастады. Түркістанды Қоқан хандығы иелігіндегі бекініс ретінде Сыздық сұлтан бастаған жасақ қорғады, — дейді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсия жетекшісі Ахатбек Баубеков.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, 9 маусымда басталған зеңбірекпен атқылау кезінде қаланың ішкі аудандарына қатты зақым келген.

Осы шабуылдың бір снаряды Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңына түсіп, оның құрылымына зиян келтірген. Кесенедегі қисайған бағана — сол зұлматтың тасқа түскен ізі.

— Кесене кейін бірнеше мәрте жөндеуден өтті. Бірақ қисайған бағана арнайы сақталып қалды. 1910 жылы оған төрт тіреу қойылған. Бүгінде ол — тарихи оқиғаның нақты дәлелі, — дейді Ахатбек Баубеков.

а
Фото: «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі

Тарихшылар бұл оқиғаны Түркістанның Ресей империясы құрамына өту кезеңімен байланыстырады.

12 маусымда қала билеушісі Ташкентке қашып, 13 маусымда қала тұрғындары ақ жалау көтеріп, келіссөзге шыққан. Осылайша Түркістан империя қарауына өтті.

Уақытша шариғат заңдары сақталғанымен, 1867 жылғы әкімшілік реформа мен 1886 жылғы заңнан кейін қаланың құрылымы түгелдей өзгерді.

— Бұл бағана — жай бір архитектуралық элемент емес. Бұл — ұлттың жүріп өткен жолының белгісі. Кесенеге тиген оқ — қазақ рухына тиген оқ. Ал оны көру арқылы сіз тек ескерткішке емес, тарихи жадыға көз саласыз. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған әр адам қисайған бағанаға назар аударса, тарихтың үнін тыңдаған болар еді. Бұл — өткеннің өшпес ізі, рухтың сыналған сәтінен қалған белгі, — дейді Ахатбек Баубеков.

а
Фото: «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі

Айта кетейік, бұдан бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысы неліктен бітпей қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар