Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайын арнайы комиссия анықтайды
Түркістандағы кесененің жағдайын арнайы құрылған комиссия анықтайды. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
Түркістандағы тарихи нысан төңірегінде көптеген алып-қашпа әңгіме айтылып жүргеніне біршама уақыт болды.
600 жылдан астам тарихы бар нысанның кей қабырғалары құзданып, сулана бастаған. Тұзы шығып кеткен жерлері де бар.
Бұдан алдын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қауіп төніп тұрғанын Kazinform агенттігінің арнайы материалында жариялаған болатынбыз.
Бүгін Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков кесене аумағында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Екі-үш айдан бері туристерді кесененің артқы есігінен кіргізіп жатыр. Негізгі жағында реконструкция жүріп жатыр. Ол бойынша комиссия құрылған. Енді оны мамандар бір жыл бойы анықтайды. Қазір ылғалдану әр маусымда қай деңгейде болатынын зерттеліп жатыр. Мәселен кесененің жағдайы жаз, күз, қысқы маусымда және көктемде қалай болады? Содан кейін барып қорытынды шығады. Сол кезде ғана нақты жауап айтылады. Бүгінгі таңда жұмыс басталды», - деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.