«Қожа Ахмет Яссауи Кино Қоры» күллі түркі әлемінің мұқтаждығына қызмет етпек - Камил Коч

- Камил мырза, әуелі Қазақстанға қош келдіңіз! Шаруаңыздың тығызыдығына қарамастан бізге уақыт бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет айтамыз. Қазақстанға келу себебіңізді білсек деп едік.
- Қош көрдік! Негізі Қазақстанға шақырғандарыңыз үшін мен рахмет айтуым керек деп ойлаймын. Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Расында мен жақсы әсердемін. Өйткені «бұған дейін бұл елге неге келмей жүргенмін» дейтіндей бір сапар болғаны да рас. Сіздерде ел сүйсінерліктей керемет мемлекетіңіз бар, оған көзім анық жетті.
Қазақстанға келу себебіне тоқталатын болсам, мен Қазақстанға «Құл Қожа Ахмет Яссауи білім және парасат» қорының шақыруымен келдім. Өздеріңізге мәлім, Түркия мен Қазақстан арасында тамыры тереңге тартқан түбі бір тарихи және мәдени ортақтығымыз бар. Тарихтың қилы замандарында өте қуатты болған бұл байланыстарымыз тарихымыздың базы дәуірлерінде әлсіреп, үзілуге шақ қалған еді. Адамзат тарихының бүгінгі белесінде мәдениет тек бір ғана құрылымға айналды. Адамзаттың, әсіресе рухани әлемі материалдық әлемнің астында көмілді. Бір тараптан материалдық молшылық пен рухани аштық жайласа, екінші жақтан материалдық аштық та рухани әлемді билей бастады.
Осындай аласапыранның ішінде өмір сүріп жатқан әрі куәгері боп жүрген бүгінгі тарихи дәуірде түркі әлемі өздерінің мәдениеті мен өнеріне ортақ мұқтаждыққа түсіп отыр деген ойдамын. Шындығында қазіргі таңда түркілік мәдениет пен өнеріне, түркінің тарихи мінез-құлқына басқа дәуірлерден көбірек мұқтаждығы бар деп сенемін. Сонымен бірге, біз өмір сүріп жатқан дәуіріміздің мәдениет өндіруші және таратушы элементі болған кино саласының күшіне мұқтаждығымыз бар. Киноның үлкен бір тарихи миссияны арқалайтынына және адамзатқа бейбітшіліктің, бауырмалдықтың, адамша өмір сүрудің рухын дарытатын тылсым бір күшке ие екеніне сенемін.
Түркия, Қазақстан және басқа да бауырлас түркі халықтары ортақ мирасқа ие, яғни бізден бабаларымыздан бір мирас қалды. Бұл мирастың үлкендігі мен құндылығы сонша әлемді бүгінде батып жатқан хаостық және парадокстік жағдайдан құтқаратындай көлемде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, біздердің, яғни мирасқорлардың мойнындағы міндет - жүздеген жыл бойы қадірін білмей, қалай болса солай шашып келген бұл мирасымызды жүйелі бір түрде қолға алып, мәдениет, өнер және білім жолымен жаңадан өндіріп, барша адамзаттың қызметіне ұсына алуымыз. Міне, осы дертпен және осы оймен келдім Қазақстанға.
- Камил мырза, Қазақстандағы кино секторында түрлі кездесулеріңіз болыпты. Қандай ой түйдіңіз? Кездесулерден де біраз сөз етсеңіз.
- Жоғарыда да атап өткенімдей, біз тобымызбен Қазақстанға «Құл Қожа Ахмет Яссауи білім және парасат» қорының шақыруымен келдік. Сіздерге де белгілі, бұл қор осыған дейін де айтып өткен және мен үшін өмірлік дерттер төңірегінде қызметтер атқарып келе жатыр. Сондай-ақ осы қорға көңілі, ой-пікірі жақын бір жас киношы топтың құрған «SAF MEDIA» компаниясы бар. Қазақстандағы алғашқы кездесуім «SAF MEDIA» компаниясындағы достарыммен болды. Бұл жерде жас, дарынды, қабілетті, білімді, ақылды бір жас ұжыммен кездестім. Бұл жастар әсіресе анимация, мультфильм саласын қолға алған екен. Өте керемет жұмыстарына куә болдым.
Одан кейін Т.Жүргенов атынағы Қазақ ұлттық өнер академиясында болдым. Ол жердегі халықаралық байланыстарға жауапты өкілдермен, сондай-ақ Кино және телевидение факультетінің басшыларымен кездесіп, студияларын аралау мүмкіндігіне ие болдым. Академияның студенттерімен де Түрік киносы және телесериялдары тақырыбында кездесуіміз өтті. Көздерінен жалын шашқан жастармен таныстым. Қазақстанның және баршамызға ортақ мирасымызды жаһанға танытатын бұл жастарды көргенде, болашағымыздың жарқын боларына үмітім арта түсті. Университеттің анимация бөлімінен алған әсерім де ерекше болды. Оқушылардың 2D анимациясынан кәсіпқойлықты байқадым.
Қазақ кино саласында маңызды қадамдар жасаған «Жаңа әлем» («Новый мир») компаниясының продюссерлерімен де кездесулеріміз болды. Қазақ тарихынан көріністер берген «Анаға апарар жол» фильмінің өзім басшылығын жасаған Eskimez Film компаниясының атынан Түркияда көрсетілімін қамтамасыз етуге қолдан келгенше жәрдем ететіндігімді айттым. Сондай-ақ, келешектегі ортақ жобалар үшін іргелі шешімдер қабылдадық.
Қазақстандағы кездесулердің ең маңыздысы «Қазақфильм» акционерлік қоғамында болды деп ойлаймын. «Қазақфильм» президенті Бақыт Ғафуұлы уақытының тығыздығына, жұмысының көптігіне қарамастан біздерді қабылдауына алды. Кино саласына қатысты жарасымды әңгімеміз болды. Мен оларға Түркияда өткен Ұлттық Мәдениет Кеңесінен және сол жерде әңгімеге арқау болған «Қожа Ахмет Яссауи Кино қорынан» сөз еттім.
- «Қожа Ахмет Яссауи Кино Қоры» жайлы толығырақ айтып өтсеңіз...
- Ұлттық Мәдениет Кеңесі Түркияның мәдениет және өнер саласында қай бағытпен жүруі керектігін айқындау мақсатында Түркияның Мәдениет министрлігі тарапынан ұйымдастырылды. Бұл жерде қабылданған шешімдердің бірі де - барша түркіге ортақ кино өндірісі қорын құру еді. Бауырлас түркі халықтарынан бастап барлық ислам мемлекеттерін қамтитын бұл қордың атауы Кеңес қатысушылары тарапынан «Қожа Ахмет Яссауи Кино Қоры» болсын деп ұсынылды министрлікке. Бұл жаңалығымыздан Қазақстанда алғаш Бақыт Ғафуұлын хабардар еттік. Ол кісі де бұл жаңалығымызды ерекше тебіреніспен қабыл алды. Қожа Ахмет Яссауи атымен аталатын бауырлас халықтардың кино қорына бар күш-жігерін жұмсайтынын әрі қолдан келген қолдауын аянып қалмайтындығын білдірді.
- Сөз соңында біздерге айтарыңыз бар ма?
- Бұл сұхбатымыздың соңында сөз басында айтқандарыма қайта оралғым келіп отыр. Мен мемлекетіңізді, Қазақстанды, бізбен кездескен барлық жандарды ерекше ықыласпен сүйдім. Еліңіз тарихымен, табиғатымен және климатымен ерекшеленеді, бұны бір нағыз бір түсірілім алаңы десе болады. Еліме бара сала қазақ киногерлері бастаған бауырлас түркі халықтары киногерлерінің арасында бір байланыс желісін құру жиынын ұйымдастыру шарасына білек сыбана кіріспекшімін. Әрекеті бізден, берекеті Алладан!
- Ісіңіз ілгерілесін! Сұхбатқа рақмет!