Қожағапанов ісі бойынша 2018 жылғы форумға жұмсалған шығынды тексеретін бағалаушы тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM – Маман 2018 жылғы Қазақстан-Ресей форумын ұйымдастыру және өткізуге жұмсалған тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын анықтауы керек, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Судьяның хабарлауынша, бағалауды «Қызмет Бағалау» ЖШС директоры Азат Ержанов жүргізеді. Ол – астаналық кәсіби бағалаушылар палатасының мүшесі.
Ерлан Қожағапановтың қорғаушысы бұрынғыдай бұл іске бағалаушыны тартуға қарсы шықты.
– Бұл сарапшының қандай мақсатпен тағайындалып жатқаны мүлдем түсініксіз. Бұл жерде маман Ержановты тағайындау арқылы қандай мәселелерді шешу ұсынылып жатқаны бірнеше рет айтылды. Орташа нарықтық баға туралы сұрақ. Мұнда біз «Активтерді бағалау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қорытындысын да, бағалау қызметі туралы заңнаманы да, бағалау жүргізу стандарттарын да талқыладық. Біз орташа нарықтық баға сияқты тұжырымдамалық аппараттың жоқтығын анықтадық. Осыған қарамастан, әлі де орташа нарықтық баға мәселесі көтеріліп отыр, - деді қорғаушы.
Айта кетейік, Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзоваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бұрынғы вице-министр лауазымын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметтері бойынша, ол коммерциялық ұйымның мүддесін көздеп, онымен 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында көрме өткізу туралы келісім жасасуға лобби жасаған.
Бұған дейін сот отырыстары сотталушының денсаулығына байланысты кейінге шегеріліп келген. 15 сәуірде Қожағапанов медициналық көмек алу үшін № 1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді.