Қожағапанов ісі: экс-вице-министр ауырып, сот кейінге қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың үстінен қозғалған соттың кезекті отырысы өтпей қалды.

Судьяның айтуынша, 15 сәуір күні сағат 6:50-де айыпталушының жағдайы нашарлаған. Алдын ала диагноз бойынша, оған «жедел панкреатит» диагнозы қойылған. Экс-шенеунік Ерлан Қожагапановқа медициналық көмек көрсету үшін №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген.
Бүгінгі сот отырысында қорғау тарапының куәгерлерін сұрау жоспарланған болатын.
Еске салсақ, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады.
Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.
Биыл наурыздың соңында Антикор аталған іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады. Сондай-ақ сот қорғаушы және айыптаушы тараптың өтінішін қарастырғаннан кейін қылмыстық іс бойынша елордалық бағалаушылар палатасының маманын тарту туралы қаулы шығарды. Мамандар 2018 жылдағы форумды ұйымдастыру және өткізу үшін ұсынылған тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын бағалайды.
7 сәуірде өткен сот отырысында бұрынғы вице-министрдің адвокаты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.