Қожамжаров пен Құлыбаев жемқорлыққа қарсы бірлесіп күреспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне арналған Республикалық форумда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум басшысы Тимур Құлыбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшартты іске асырудың жол картасын рәсімдеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Т.Құлыбаевтың айтуынша, аталған құжатта бірлескен шараларды іске асырудың нақты жолдары көрсетілген. "Біріншіден, 16 сала бойынша жемқорлықтың бар-жоғына сараптама жасалады. Салық саласынан бастап ветеринарлық бақылауға дейінгі мәселелер қамтылады. Бұл жұмыс бүкіл Қазақстан бойынша жергілікті жерлерде атқарылады. Екіншіден, осы сараптаманың негізінде келесі жылдың аяғына дейін біз заңнаманы жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстарды енгізетін боламыз. Үшіншіден, жаңа жылдың басында квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша бөлек ұсыныстар жасалады", - деп атап көрсетті "Атамекеннің" президиум басшысы бүгінгі форум барысында.

Ал агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровтың сөзіне қарағанда, жергілікті жерде жұмыс істейтін аймақтық бөлімше (агенттікке қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның бөлімшелері - авт.) басшыларының жұмысы шенеуніктер арасындағы жүгенсіздікпен тиімді күресе білуімен бағаланады. "Осы жұмыстың нәтижесі бағалаудың басты көрсеткіші болмақ. Кәсіпкерлерді де бізге жемқорлықтың кез келген әрекеті туралы xабардар етуге шақырамыз. Бірақ бизнесмендердің өздері жемқорлыққа да, "көлеңкелі" экономиканың қанат жаюына да себеп болып жатады. Оны да мойындау қажет. Соның нәтижесінде шетелге миллиардтаған қаржы шығарылады. Сондықтан кәсіпкерлер де өз кезегінде бизнесті жүргізудің әділ әрі ашық қағидаттарына көшуі керек. Бұл жерде мықты ұстаным қажет. Проблеманы парамен емес, заңды түрде шешуге тырысқан жөн", - дейді Қ.Қожамжаров.

Соңғы жаңалықтар