Қожаназаров партияласы Руслан Берденовтің оққа ұшуына байланысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров партияласы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің оққа ұшуына байланысты пікір білдірді.

Айдарбек Асанұлы ҚОЖАНАЗАРОВ
Фото: instagram.com/a1darbek/

— Қару қолданып оқ ату - әрине қастандық. Иә, қол астында жұмыс істеген. Шынында да араларында түсініспеушілік болғаны туралы ақпараттар келіп жатыр. Меніңше, ең маңыздысы, құзіретті органдардың жұмыс барысына еш ықпал жасамау керек. Бұл - партиямыздың, биліктің бақылауында тұрған іс, — деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Руслан Берденов наркозда жатқан кезде: «Жұмыстан қаламын, жұмысқа баруым керек», - деп айта берген. Осы орайда БАҚ өкілдері депутаттан: «Бұл - іскерлік пе, әлде пиар ма?» - деп сұраған еді.

— Кешіріңіз, наркозда жатып, пиарды ойлайтын адам жоқ. Ешқандай пиар емес. Сенсеңіз сеніңіз, сенбесеңіз сенбеңіз. Бұл жайт бизнеске байланысты емес. Себебі, Руслан мырза 2 жыл бұрын депутаттыққа келгенде бизнесін жүргізуден бас тартқан. Бизнеспен айналысуға, бизнеске қатысты шешім қабылдауға құқы жоқ. Әкімшілікте жұмыс істеген кезде де сондай шектеу бар, — деді Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, 21 сәуір күні Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған болатын. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. 

Кеше дәрігерлер Руслан Берденовтың өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты. Жасалған ота да сәтті өткен. 

Соңғы жаңалықтар