«Көзқарас» саяси клубының кезекті отырысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалауға арналды
Алқалы жиында еліміздегі 8 саяси партияның, 20-ға жуық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің өкілдері бас қосып, пәтер иелері кооперативі мәселелерін талқыға салды.
«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхтар Еркетаев өз сөзінде бұл мәселенің жиі көтеріліп отырғандығына қарамастан ПИК-тердің қызметтеріне көңілі толмайтын адамдар санының күннен-күнге көбейіп отырғандығын атап өтті. Бұл орайда ол аталған проблемалардың шығу төркінін нақты түсініп, атқарушы органдарға ұсыныстар беру қажеттігін баса айтты.
Өз кезегінде ҚР ПИК қауымдастығының төрайымы Динара Әбдірахманова осы уақытқа дейін бұл құрылымды реформалауға байланысты нақты ұсыныстардың түспегендігін айта келіп, «сыннан іске көшетін кез келді», деп қорытты сөзін.