ҚПЛ-2018: Төрт ойында сегіз гол соғылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 25 тамызда еліміздің төрт қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-тур ойындары болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚПЛ-2018: Төрт ойында сегіз гол соғылды

Алғашқы ойын Павлодар қаласында басталды. Жергілікті «Ертіс» Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдады. Екі команда да доп додасында көш соңында келеді. Олардың арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Одан кейінгі Қостанайдың «Тобылы» мен Қызылорданың «Қайсар» командасы арасындағы ойын да тең нәтижемен бітті. Есеп 0:0. «Тобыл» үздік үштіктегі орнын сақтаса, «Қайсар» жетінші орында тұр.

Шымкенттегі жергілікті «Ордабасы» мен Оралдың «Ақжайығы» арасындағы ойын тағдырын жалғыз доп шешті. Оны алаң иелері соқты. Есеп 1:0. «Ордабасы» төртінші, «Ақжайық» тоғызыншы орында келеді.  

Бүгінгі ең соңғы ойын Ақтөбе қаласында болды. Жергілікті «Ақтөбе» Талдықорғанның «Жетісу» клубымен шеберлік байқасқан еді. Бұл ойында «Жетісу» 3:2 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Олар бесінші орынға көтерілді. «Ақтөбе» алтыншы орында тұр.

Аталмыш турдағы екі ойын 26 тамызда өткізіледі. Елордада «Астана» Петропавлдің «Қызылжарын» қабылдаса, Алматыда «Қайрат» «Атыраумен» шеберлік байқасады.

Бұл турдан кейін ел біріншілігінде аздаған үзіліс болады. Кезекті тур 16 қыркүйекте жалғасады.