ҚПЛ: «Ақтөбе» мен «Атырау» тең түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының төртінші турында «Ақтөбе» мен «Атырау» тең түсті.

футбол
Фото: pixabay.com

Биыл ақтөбелік клуб бас жүлдеге үміткер ұжымдардың қатарында саналады. Команда құрамына көптеген тәжірибелі футболшы қосылды. Сондықтан әрбір кездесуде жеңіске жетуге бар күшін салып келеді.

Бүгінгі кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Ойынның 11-минутында Әділхан Таңжарықов «Ақтөбе» командасын алға шығарды. Бұдан кейін олардың тарапынан есепті ұлғайтатын бірнеше мүмкіндік болған еді. 

Екінші кезеңде командалар шабуылға көбірек көңіл бөлді. Ақтөбелік ұжым басымдықты арттыруды қаласа, атыраулық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде олардың қатарынан Николай Сигневич 69-минутта мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Осылайша аталған ойында 1:1 есебі тіркелді.

Айта кетсек, 6 сәуірде «Қайрат» пен «Жетісу» 0:0 есебіне қанағат білдірсе, «Қызылжар» «Жеңістен» 4:0, «Елімай» «Қайсардан» 1:0 есебімен басым түсті. 

Дәл қазір «Шахтёр» мен «Астана» кездесуі өтіп жатыр. Әзірге есеп - 0:0. Сондай-ақ аталған турды «Тұран» мен «Ордабасы» командалары түйіндейді. 

Соңғы жаңалықтар