ҚПЛ: «Ақтөбе» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында «Ақтөбе» мен «Тұранн» командалары кездесті. 

ҚПЛ: «Ақтөбе» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді
Фото: ҚФФ

Биыл екі команда құрамында жаңадан ойыншылар саны көп. Алғашқы турда ақтөбелік клуб небәрі бір ұпайды қанағат тұтса, түркістандық ұжым алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.

Бүгінгі кездесу барысында алғашқы минутта ақтөбелік команданың белсенділігі байқалып тұрды. Нәтижесінде 29-минутта Неманья Анджелкович есеп ашты. Бұдан кейін екі команда тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде «Тұран» сапынан Горан Милойко 59-минутта таразы басын теңестірсе, 84-минутта Еркебұлан Сейдахмет «Ақтөбені» қайтадан алға шығарды. Осылайша қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірген «Ақтөбе» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.

Сондай-ақ алғашқы ойын күні, 8 наурызда «Оқжетпес» «Атыраудан» 2:1, «Қайрат» «Ордабасыдан» 4:0 есебімен басым түссе, «Жеңіс» «Тобыл», «Жетісу» мен «Ұлытау» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Енді бүгін, 9 наурызда «Елімай» (Семей) мен «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Астана) мен «Астана» шеберлік байқасады.

Айта кетейік, үшінші тур ойындары 29 және 30 наурыз күндеріне белгіленген. 

Соңғы жаңалықтар