ҚПЛ: «Астана» биыл алғаш рет жеңілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің тоғызыншы тур ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚПЛ: «Астана» биыл алғаш рет жеңілді

Нұр-Сұлтанда «Астана» Павлодардың «Ертісін» қабылдады. Аталмыш кездесуде елордалықтар күтпеген жерден өз қақпасына гол жіберіп алды. «Ертіс» сапынан 77-минутта Рохер Каньяс «Астана» қақпасын дәл көздеді. Осылайша «Астана» биылғы доп додасында алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты.

Бұл турдағы басты ойын - Алматы қаласында өткізілді. Бас жүлдеден үміткер қос команда - Алматының «Қайраты» мен Қостанайдың «Тобылы» өзара шеберлік байқасты. Аталмыш кездесу тағдырын 87-минутта қақпаға кірген жалғыз гол шешті. Оны қостанайлық Бауыржан Тұрысбек соғып кетті. Осылайша «Қайрат» соңғы екі турда қатарынан жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Аталмыш турдан кейін «Қайрат» бесінші орынға сырғыды.

Көкшетау қаласында жергілікті «Оқжетпес» Қарағандының «Шахтер» командасымен 2:2 есебімен тең түсті. «Оқжетпес» сапынан Дарко Зорич 59, Данило Алвес Алмейда 78-минутта гол соқса, оған қарағандылықтар қатарынан Сергей Зенев 73, 84-минуттарда қос голмен жауап қайырды.

Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында «Тараз» командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Жалғыз голды 54-минутта Елжас Алтынбеков өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін «Жетісу» турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.

Шымкенттің «Ордабасы» клубы соңғы бес турдан бері жеңіске жете алмай келеді. Бес тур ішінде төрт мәрте тең нәтижеге қанағат білдірсе, бір мәрте қарсыласына есе жіберді. Олар бүгін де өз алаңында «Атырау» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. «Ордабасы» ойыншысы 54-минутта Пабло Фонтанелло 54, атыраулық Владимир Воменко 71-минутта қанжығасын майлады.

Қызылорданың «Қайсар» клубы сырт алаңда «Ақтөбемен» кездесті. Бұл ойынның бірінші кезеңінде қос команда төрт гол соқты. «Қайсар» сапынан алдымен 4-минутта Александр Марочкин есеп ашса, одан кейін 41-минутта Асхат Тағыберген есепті үстемелей түсті. Екі гол жіберіп алған «Ақтөбе» ес жинап, 43-минутта Абат Айымбетов қарсылас команда қақпасынан саңылау тауып кетті. Арада бір минуттай өткенде «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян мергендік танытты. Осылайша «Қайсар» аталмыш қарсыласын 3:1 есебімен жеңді. Турнир кестесінде қызылордалық клуб бесінші орынға көтерілді.

Оныншы тур ойындары 11 мамыр күні өткізіледі. Бұл күні «Ақтөбе» мен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Қайрат», «Шахтер» мен «Жетісу», «Ертіс» пен «Ордабасы», «Қайсар» мен «Тобыл», «Тараз» бен «Астана» командалары кездеседі.