ҚПЛ: «Астана» чемпиондық атаққа жақындай түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігінде кезекті 29-тур ойындары Ақтөбе қаласында түйінделді. Жергілікті «Ақтөбе» елордалық «Астана» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана» чемпиондық атаққа бір табан жақындай түсті. Енді небәрі 4 тур бар. Елордалық клуб алдағы ойындарда бір рет ғана жеңіске жетсе, биылғы жылдың бас бәйгесін тағы да өздері еншілейтін болады.
Алғашқы кезеңнің 42-минутында «Астана» шабуылшысы Рангело Янга есеп ашып, өз командасын алға шығарды. Алаң иелері 55-минутта таразы басын теңестірген еді. Бұл гол «Ақтөбенің» қорғаушысы Саят Жұмағалидың еншісіне жазылды. Дегенмен 62-минутта «Астана» сапынан Серікжан Мужиков жеңіс добын соқты. Ойын 1:2 есебімен аяқталды.
«Астана» осы турдан кейін басы қарсыласы - Алматының «Қайрат» командасынан 10 ұпайға ұзай түсті.
Естеріңізге сала кетелік, Қайрат» Шымкентте жергілікті «Ордабасы» клубынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды . Ал осы турдағы алғашқы екі кездесуде тең нәтиже тіркелді. Ал Қостанайда «Тобылды» 2:1 есебімен тізе бүктірген Павлодардың «Ертісі» соңғы орыннан жоғары көтерілді.
Енді келесі 30-тур ойындары араға аздаған үзіліс салып 20 және 21 қазан күндері өткізіледі.