ҚПЛ: «Астана» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 11-турындағы үш ойынның нәтижесі белгілі болды.

Елордалық «Астана» сырт алаңда Семейдің «Елімай» командасын 2:0 есебімен жеңді. Ойын барысында олардың қатарынан Рамазан Кәрімов 32, Усман Камара 54-минутта мергендік танытты.
Семейлік клуб соңғы бес кездесуде небәрі бір мәрте жеңіске жетсе, астаналық команда қатарынан үшінші мәрте қарсыластарын қапы қалдырып отыр. Олар турнир кестесінде 27 ұпаймен бірінші орынға шықты.
Тағы бір кездесуде Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Атырауды» 5:0 есебімен сүріндірді. Қостанайлық клубтан Александр Зуев 14, Ислам Чесноков 16, Ахмед Эль-Мессауди 42, Роман Асранкулов 78, Жаслан Жұмашев 85-минутта гол соқты. Осылайша атыраулық ұжым қатарынан он үшінші мәрте жеңіліп қалды.
Ал астаналық «Жеңіс» пен шымкенттік «Ордабасы» кездесуінде 2:2 есебі тіркелді. Елордалық команда сапынан Нұрбол Әнуарбеков 3, Аслан Әділ 38-минутта өз командасын алға шығарған еді. Дегенмен екінші кезеңде шымкенттік клуб сапынан Сергей Малый 71, Зикрилло Султаниязов 90-минутта екі гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Нәтижесінде «Жеңіс» биыл жетінші мәрте тең түссе, «Ордабасы» екінші ойын қатарынан жеңістің кілтін таба алар емес.
Дәл қазір «Ақтөбе» мен «Қайрат» (Алматы) кездесуі өтіп жатыр. Әзірге есеп - 0:0.
Бұған дейін Қазақстан Премьер-лигасының 11-тур ойындары басталатынын жазған едік.
Ертең, 31 мамырда «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Тұран» (Түркістан), «Оқжетпес» (Көкшетау) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Жетісу» (Талдықорған) ойнайды.