ҚПЛ: «Астана» мен «Қайрат» ұпай жоғалтты

Елордада «Астана» Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. Бұл ойында есеп ашылған жоқ. Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі Украинаның Киев қаласының «Динамо» командасымен кездесудің алдында осылайша ел біріншілігінде «Астана» екі ұпай жоғалтып алды. Естеріңізге сала кетелік, 20 қыркүйекте олар сырт алаңда украиналық аталмыш клубқа қарсы ойын өткізеді.
«Астананың» бұл екі ұпай жоғалтуын оны өкшелеп қуып келе жатқан Алматының «Қайраты» өз пайдасына жарата алған жоқ. Олар өз алаңында Оралдың «Ақжайығынан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Жалғыз голды «Ақжайық» ойыншысы Еркебұлан Нұрғалиев 76-минутта өзінің еншісіне жазды.
Осы турда Қарағандының «Шахтері» өз алаңында «Атырау» командасын 2:1 есебімен сүріндірді. Бұл ойында алаң иелері сапынан Сергей Шафф пен Дамир Кояшевич, «Атыраудан» Юре Обшивац гол соқты.
Ал «Ертіс» 12 ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді. Бүгін олар өз алаңында Петропавлдың «Қызылжар» командасынан 0:1 есебімен жол берді. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды «Қызылжар» сапынан Тимур Мульдинов соқты.
Қазір Шымкент қаласында жергілікті «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командалары арасындағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
Келесі тур ойындары 22 қыркүйекте өткізіледі. Ол күні «Ақжайық» пен «Астана», «Ақтөбе» мен «Тобыл», «Атырау» мен «Қызылжар», «Жетісу» мен «Қайрат», «Қайсар» мен «Шахтер», «Ордабасы» мен «Ертіс» командалары кездеседі.