ҚПЛ: «Астана» мен «Қайсар» кездесуі 28 тамызда өткізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Премьер-лигасының 19-турындағы «Астана» мен «Қайсар» кездесуі 28 тамызда өткізіледі. 

ҚПЛ: «Астана» мен «Қайсар» кездесуі 28 тамызда өткізіледі
Фото: Kffleague.kz

Бұл жөнінде футболдан Қазақстан кәсіби лигасы мәлім етті.

Алдымен 3 тамызға жоспарланған ойын енді 28 тамызда сағат 20:00–де басталады.

Бұл кездесудің өтетін күнінің өзгеруіне елордалық клубтың UEFA Конференция лигасында сынға түсуі себеп болды. Дегенмен олар жарысты үшінші іріктеу кезеңінде Швейцарияның «Лозанна» командасынан (0:2, 1:3) жеңіліп, еурододадағы жорығын аяқтады.

Одан бұрын «Астана» екінші іріктеу кезеңінде Молдованың «Зимбру» командасын (1:1, 2:0) қапы қалдырып, үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алған еді.

Қазір ел біріншілігінде «Астана» 19 ойыннан кейін 43 ұпаймен көш бастап келеді. Одан кейінгі орындарда «Қайрат» 43, «Тобыл» 41 ұпай жинаған.

Ал «Қайсар» 20 ойыннан кейін 18 ұпаймен он бірінші орында тұр.

Енді 22-тур ойындары 23 және 24 тамыз күндері өткізіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Бірінші лигада «Ертіс» футбол командасы бірінші орынға көтерілді.

Соңғы жаңалықтар