ҚПЛ: «Астана» мен «Тұран» тең нәтижеге қанағат білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бесінші турында елордалық «Астана» сырт алаңда түркістандық «Тұранмен» тең ойнады.

Елордалық «Астана» биыл бас жүлдеге қол созуды қалайды. Сондықтан әрбір кездесуде жинақы қимыл көрсетіп, үш ұпай олжалауды алдына мақсат етіп отыр.
Бүгінгі кездесуде де елордалық команда алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 30-минутында елордалық клубтың хорватиялық шабуылшысы Марин Томасов мергендік танытты. Осылайша 37-жастағы футболшы өзінің биылғы маусымдағы алтыншы голын соқты.
Оған «Тұран» сапынан Хуршидбек Мухторов 84-минутта бір голмен жауап берді.
Кездесу барысында командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Бүгін қызылордалық «Қайсар» мен алматылық «Қайрат» 0:0 есебімен тең ойнады.
Бесінші турды «Жеңіс» (Астана) пен «Елімай» (Семей) командалары түйіндейді.
Ал 19 сәуірде «Ұлытау» «Оқжетпеске» 0:1, «Атырау» «Қызылжарға» 1:2 есебімен есе жіберсе, «Тобыл» «Ақтөбені» 3:0, «Ордабасы» «Жетісуды» 1:0 есебімен тізе бүктірген еді.