ҚПЛ: «Астана» өз алаңында керемет камбэк жасады
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХІІ турында елордалық «Астана» командасы кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Кездесудің бірінші бөлігінде көкшетаулық футболшылар елордалық командаға жылдам екі гол соғып, ойын тізгінін өз қолдарына алған. Алайда Григорий Бабаян жаттықтыратын команда ойыншылары тез ес жиып, 8 минуттың ішінде қарсылас қақпасына үш доп енгізіп, үзіліске керемет көңіл күймен шықты. Осылайша тартысқа толы ойынның алғашқы кезеңінде-ақ көрермендер 5 гол көрді.
«Оқжетпес» сапынан 7 минутта Страхиня Йованович пен 26 минутта Никола Цкцкич көзге түссе, «Астана» командасынан 29 минутта Усман Камара, 33 минутта Назми Грипши, 37 минутта Марин Томасов гол соқты.
Екінші таймда алаң иелері осы басымдықты уыстан шығармауға тырысты. Матчтың 57 минутында Макс Эбонг есепті 4:2-ге жеткізді. Ал ойын аяқталар тұста, яғни 86 минутта елордалық команданың түлегі Станислав Басманов кездесудің нүктесін қойды. Қорытынды есеп - 5:2.
Дәл қазір «Ордабасы» (Шымкент) мен «Елімай» (Семей), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) арасындағы кездесу өтіп жатыр.
Бұған дейін аталған турда «Қайрат» пен «Жетісу» тең тарқасса, «Жеңіс» біріншіліктегі биылғы маусымында алғашқы жеңісіне қол жеткізді.