ҚПЛ: «Астана» сегізінші жеңісіне қол жеткізді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің сегізінші тур ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық «Астана» Шымкентте «Атырау» командасын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл ойында Марин Томасов, Серікжан Мужиков және Сергей Хижниченко мергендік танытты.
Қостанайда «Тобыл» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары 1:1 есебімен тең түсті. «Тобыл» сапынан Азат Нұрғалиев көзге түссе, «Ордабасы» қатарынан Тоқтар Жаңғылышбай таразы басын теңестірді.
Қызылордада жергілікті «Қайсар» Алматының «Қайратынан» 2:1 есебімен басым түсті. Алдымен алматылық Мартон Эппель есеп ашты. Дегенмен одан кейін «Қайсар» ойыншылары Александр Марочкин мен Асхат Тағыберген өз командасына жеңіс сыйлады.
Ал сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпесі» «Таразды» 6:2, Талдықорғанның «Жетісуы» Павлодардың «Ертісін» 3:0, өз алаңында «Шахтер» «Ақтөбені» 3:0 есебімен жеңді.
Тоғызыншы тур ойындары 5 мамыр күні ойналады. Бұл күні «Ақтөбе» мен «Қайсар», «Астана» мен «Ертіс», «Жетісу» мен «Тараз», «Қайрат» пен «Тобыл», «Оқжетпес» пен «Шахтер», «Ордабасы» мен «Атырау» командалары кездеседі.